Книга! Закажите книгу "Salem, родители" +77025278382

Анасынікі де, әкесінікі де

Қазақстандағы міндетті ата-ана болу туралы

Бүгінгі таңда көптеген қазақстандық отбасылар дәстүрлі «Ана, әке және бала» моделінен ерекшеленеді және әртүрлі құрамға ие. Себебі әр төртінші жанұя моно ата-аналық отбасы болып табылады. Әр бесінші отбасыда үлкендер яғни ата-әжелер де тұрады. Ал балалардың 60% — ы көпбалалы отбасыларда өсіп келеді. Сонымен қатар, көптеген балалар әкелерімен бірге тұрып жатқан жағдайдың өзінде әкенің белсенді қатысуынсыз өседі. Міндетті ата—ана, оның ішінде міндетті әке — қазақстандық қоғам үшін өзекті мәселе.

Міндетті ата-ана болу деген не? Бұл ана мен әкенің бала өмірінің алғашқы күндерінен бастап бала күтіміне күнделікті белсенді қатысуы. Бұл тамақтандыру, серуендету, жаялық ауыстыру сияқты жауапкершіліктерді өзара бөліп атқару. Ата-ананың қатысуы дегеніміз — баламен ойнап, ұйықтар алдында оған ертегісін оқып, ойын алаңына ертіп, үй тапсырмасын түсіндіріп, үйірмелерге апару.

Өткен жылы отбасылық саясат саласындағы үлкен ұлттық зерттеудің нәтижелері жарияланған болатын. «Қазақстандық отбасылар-2019» зерттеуі еліміздің барлық аймақтарында өтті. Баяндамадан белгілі болғандай, сұралған әкелердің тек 42% —ы ғана күн сайын балалардың күтімі мен қамқорлығына атсалысады екен, 33% — дан астамы оны кейде ғана немесе демалыс күндері, 7% — аптасына екі рет, 9% — сирек және тек әйелінің өтініші бойынша, 8% — ешқашан жасамайды. Ал сұралған аналардың 68% — ы күйеуінің немесе серіктесінің балаға күтім жасау және тәрбиелеу процесіне көбірек қатысқанын қалайды. Кызығы, барлық қатысушылардың жартысынан көбі күйеуі отағасы болуы керек деп санайды, 40% — ерлі-зайыптылардың екеуі де тең басқаруы керек деген жауап берді.

Қазіргі қазақстандық ата-аналар бала тәрбиесінде гендерлік дисбаланс байқалатынын мойындайды. Біріншіден, қазақстандық әкелер анасы бала тууға байланысты демалыста жүрген кезде бала тәрбиесіне қатысуын отбасының асыраушысы рөлімен жиі шектейді. 2015 жылы Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қамқорлығымен өткізілген көптеген көрсеткіштер (MICS) бойынша халықты кластерлік зерттеу әкелердің тек 6% — ы, тіпті олармен бірге тұрса да, өз балаларын оқытып дамытумен айналысқанын анықтады. Бұл ретте Қазақстандағы әйелдер, жалпы алғанда, ерлермен тең дәрежеде жұмыс істейді. Екіншіден, елдегі әрбір бесінші отбасыда — балаларымен бірге тұратын тек анасы яғни әйелдер моно-ата-ана отбасы. Сонымен қатар, ерте жастағы балалар көбінесе әйелдер ортасында өседі.

«Мен ұлыма ерлік үлгісі жетпейтіндіктен уайымдаймын. Ата, жасына байланысты, немересі үшін ер азамат қағида беделін көрсетпейтінін өткенде оқыдым. Қазір барлық жерде баланың көбінесе әйел адамдармен айналысатыны көңіл көншітерлік жағдай емес. Мұғалімдер, репетиторлар, тіпті гимнастика және робототехника бойынша ұлымның жаттықтырушылары әйел адамдар болды», — дейді Диана, жеті жасар Жандостың анасы.

«Тұрмыста болған 10 жылдың ішінде күйеуімнің жұмыс істедім дегені алты айдан аспайтын шығар. Мен жақсы әйел мен шаңырақ иесі болу үшін бар күшімді салдым. Отбасымды лайықты қамтамасыз ету, екі жақтың туыстарымен де жақсы қарым-қатынас орнату, балаларды өсіру және дұрыс тәрбиелеу үшін қолымнан келгенше бар нәрсені жасауға тырыстым. Қазір түсінемін көп нәрселерді, соның ішінде әйел де еркек те өзім болып бәрін мойныма жүктеп алдым. Бір сәтте мен бұл жүкті көтере алмадым», — дейді үш баланың анасы Сәуле.

Дегенмен әділдікпен айта кету керек, әрине, Қазақстанда белсенді әкелер де бар. Сонымен қатар, олар ата-аналармен байланысты қоғамдық бастамаларға белсенді қатысып өз тәжірибелерімен алмасады.

«Жаялық? Арбамен серуендеу? Менің қолымнан емізуден басқа бәрі келеді, бұл енді физиология ғой. Анасымен қоса балаларымның алғашқы күндерінен бастап оларға қамқор әке болып жатырмын», — дейді қоғам қайраткері, «Форбс» қазақ нұсқасының редакторы, баспагер және екі ханшайымның әкесі Бақытжан Бұқарбай. Бақытжанның айтуынша, ол қыздарын өзімен бірге жұмысқа, іскерлік іс-шараларға жиі алып жүреді, тіпті өзімен бірге шетелдік сапарларға ертіп әкететін де кездер болады.

«Біз әлі дәстүрлі тәрбиеге сенеміз де, ұл баланы жауынгер ретінде тәрбиелегіміз келеді, мысалы спорт секциясына берген кезде. Ол қанымызда бар нәрсе, өйткені біз көшпенді ел болдық, жауынгершілікпен көп айналысқан халық болдық . Алайда біз өмір сүріп жатқан заманда Қазақстан шүкір ешкіммен соғысып жатқан жоқ. Сонымен қатар қазіргі майдан ғылым білім техника саласында болып жатыр. Бірақ, өкінішке орай, біздің тәрбие беру бағытымыз бұл трендтерге ілесе алмай жатыр. Мысалы спортшыларды бізде ғалымдармен салыстырғанда көбірек бағалайды, — деп өз пікірімен бөліседі Бақытжан, — жазушы Әбіш Кекілбайұлының жақсы сөзі бар: «Заманын аңғармаған – надан адам». Қазір өмір сүріп жатқан заманымызға сай өзгерістер бар, оның бәрін ескермеген, меніңше, надандықтың белгісі».

Жақында қоғамдық ұйымдар арасында Қазақстанда Әкелер күнін жариялау туралы ұсыныс білдірді. Бастама қозғап жатқандар еліміздегі әкелік проблемаға назар аудартқылары келеді. Біздің елде әкелердің төрттен бір бөлігі ғана балаға алимент төлейді.

«Біздің ұлттық мәдениетіміз «балажан халық» яғни балаларды жақсы көреді, бағады, оларға қамқор деп есептесек те, бірақ ащы шындық мүлдем басқа нәрселерді көрсетіп отыр. Әкелер балаларына көмектеспейтін, алимент төлемейтін жағдайлар жиі кездеседі. Қандай да бір себептермен, көптеген ер адамдар, әйел алимент ақшасын өзіне жұмсайды деп санайды. Көптеген адамдар әйелге реніш болғаннан ба, ажырасқанда ақша төлеуден бас тартып, тіпті баласымен де араласпай кетуге бар. Бірақ бұл ақша олардың туған баласына баратынын қалай ойламайды. Соған таң қаламын. Ер адамдар әйелімен айрылысатын болса, балаларымен де қарым — қатынасын жиі жоғалтады», — дейді бес жасар Сұлтанды жалғыз тәрбиелеп отырған Сания.

«Ажырасқаннан кейін бес жыл бойы мен алиментке қағаз тапсырған жоқпын. Мен жұмыс істеймін, қызымды өзім қамтамасыз етемін. Негізінде, балаға ештеңе қажет емес. Алайда жақында бұл қызыма әділетсіздік таныту деген шешімге келдім. Мен бұрынғы жолдасыммен сөйлестім, ол қарсы болмады. Бұл қандай сома болатыны маған бәрібір еді. Шынымды айтсам, баласымен көріспей жүргені намысыма тиді. Сосын ойлағаным ғой, енді ай сайын ақша аударып, баласы бар екенін есіне алады. Мүмкін бұл ақымақтық шығар, бірақ маған сол кезде дұрыс болып көрінді. Нәтижесінде, алимент белгілі бір минималды жалақыдан есептеледі, және бұл өте аз сома, тіпті үйірмелерді төлеуге де жетпейді. Дегенмен, бұрынғы күйеуімнің қаржылық жағдайы жақсы, мысалы, ол өте қымбат көлікпен жүреді. Оның ақшасы бар екенін білемін, бірақ бұл ресми табыс емес», — дейді он екі жасар Жанельдің анасы Алинур.

Эмоциялық интеллект бойынша жаттықтырушы, ментор және коуч Жанна Ибраева жақында елордалық екі ірі ЖОО-ның топ-менеджерлеріне арналған «Жаңа формация басшысы» тренингін ұйымдастыруға қатысты. 25 қатысушының бесеуі ғана әйелдер болды. Жанна VUCA (Volatility, Uncertainty, Complexity, Ambiguity / тұрақсыздық, белгісіздік, күрделілік және түсініксіздік) әлеміндегі жаһандық бәсекелестік пен қазіргі кезеңде гендерлік компонент жас ұрпақтың сәтті дамуы үшін өте маңызды және гендерлік стереотиптер көбінесе ұйымды басқарудың тиімділігіне әсер етеді: «гендерлік стереотиптер біздің қоғамда бар. Көшбасшының ер адам жақсы, тезірек және тиімді шешім қабылдайтыны туралы стереотипі болған кезде, мәселені шешудің ер жағы априори қабылданады. Әйел бұл мәселені шешудің жолын әлдеқайда креативті және жеңілірек етуі мүмкін».

Сонымен қатар, оның пікірінше, дәстүрлерден бас тартпау керек, бірақ оларды жаңа уақыттың талаптарына сәйкес біріктіру керек. «Менің ойымша, отбасылық дәстүрлер болған кезде бұл жақсы. Өйткені балаға болсын, жасөспірімге болсын міндетті түрде сену қажет. Ең болмағанда өз отбасына сену. Анасы мен әкесі оны ешқашан тастамайды, сатпайды және әрдайым қолдайды деп білуі керек», — дейді ол. Жаһандық бәсекелестік дәуіріндегі қазіргі қыздар мен ұлдарға бірдей қажетті дағдылардың ішінде Жанна Ибраева бейімделу, өміршеңдік және креативтілікті атап өтті.

Бақытжан Бұқарбай ата — ананың басты міндеттерінің бірі — баланы әлеуметтендіру және қоғамға сәтті интеграциялау, оны дербес өмірге дайындау деп санайды. Отбасында ол мұны өзінің әкесінің міндеті деп санайды. Ата-ана балаға өмірге жолдама беруі керек. Оның пікірінше, ата-аналар бұл тапсырманы сәтті орындауы үшін баланың қателесуге мүмкіндігі болуы маңызды. Ата-аналар баланың мүдделерін құрметтеуі керек және «олардың қанатын қақпауы керек». «Қыздарымды бақытты, білімді және тәуелсіз болғанын қалаймын», — дейді Бақытжан.

Қазақстанда ЮНИСЕФ белсенді түрде ілгерілететін отбасылық қағидаттардың ішінде — позитивті ата-ана болу. Қазақстандық ата-аналарға мамандар беретін кеңестер:

  • Әр ата-ана өз баласы үшін ұстаз болуы керек. Сондықтан ата-аналардың алғашқы және негізгі міндеті — баланың оны жақсы көретініне және оған қамқорлық жасайтынына сенімділік қалыптастыру. Ешқашан, ешқандай жағдайда ата-ананың балаға деген махаббатына күмән келтірмеуі керек;
  • Ата-аналардың барлық міндеттерінің ішіндегі ең қалыптысы және керегі — кез-келген жастағы балаға сүйіспеншілік пен көңіл бөлу;
  • Тілдескенде айқай дөрекі интонациядан бас тартыңыз отбасында қуаныш, махаббат пен құрмет атмосферасын қалыптастырыңыз. Балаға қамқор, жігерлендіретін үнмен сөйлеңіз;
  • Есіңізде болсын, сәби сізді мұқият бақылайды. Сіз ол үшін үлгі боласыз. Баланы өмірге құштар болғанын қаласаңыз — өзіңіз де өмірге құштарлықпен қараңыз;
  • Баланың бөлісе алатын жаңа әсерлері бар екеніне көз жеткізіңіз. Балаңыздың қызығушылығын, ықыласын және қиялын ынталандырыңыз;
  • Әрқашан баланы дербестік үшін ынталандырыңыз. Баланы бастаған істі аяғына дейін жеткізуге шақырыңыз;
  • Балаңызды басқа балалармен салыстырмаңыз, әсіресе басқа балаларды үлгі етпеңіз. Есіңізде болсын, әрбір бала ерекше және бірегей.

Мақала Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) ынтымақтастық шеңберінде жазылған. #ӘрбірБалаҮшін